ҚАДІР ТҮНІНІҢ БЕЛГІЛЕРІ Иә, Алла Тағала дәл нақты қай күні болатынын жасырып қойған Қадір түнінің өзіндік белгілері бар. Бірінші белгісі – ауа райының бірқалыптылығы. Жел баяу соғады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қадір түнінде аспан ашық болады. Ыстық та, суық та болмайды. Күн қызыл болып шығады» деген. Екінші белгісі – сол түнді құлшылықпен өткізген адамның жүрегінде тыныштық орнайды. Жаны рахат бір сезімді бастан кешеді. Себебі, періштелер жерге түсу арқылы пенделерге мейірбандықты әкелген еді. Убада ибн Самиттен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Қадір түнінің белгілері туралы: «Қадір түнінің белгісі, оның – тұнық әрі жарық, ал айдың ол түнде бейне бір жарқырап тұрғандай болатыны. Ол түн тыныш және жайлы, суық та емес, ыстық та емес. Бұл түні таң атпайынша, жұлдыздардың лақтырылуына рұқсат берілмейді. Және бір белгісі – таңертең күн сәулесіз, толған ай секілді түзу болып шығады әрі шайтандарға онымен бірге шығуға рұқсат етілмейді», - деп сипаттағаны риуаят етілген. (11).  Қадір түнін қалай өткізген дұрыс? Ислам ғұламалары қасиетті Қадір түнін төмендегіше атқаруды үндейді: Бірінішіден, бұл түнде Алланың ризашылығы үшін ғибадат жасап, намаз оқып, құлдық сезімдерімізді арттыруымыз керек. Екіншіден, Құран Кәрім оқылып, тыңдалып, түсінуге ынта қойып, Құран Кәрімге сүйіспеншілік пен байланыстар орнатылуы тиіс. Үшіншіден, Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтып, оның шапағат етуінен үміттеніп, оның үммбетінен болғанымызды саналы түрде сезініп, оның жолын берік ұстануымыз шарт. Төртіншіден, Уағыз-насихат тыңдап, сұхбаттар құрып, күнделікті күйбең  тіршілік барысында жүрекке түскен кірбіңді жуып шайып, көңілге ұялаған көмескіліктен арылуыға тиістіміз. Бесіншіден, Қадір кешінің маңызына байланысты және Қадір түніне қатысты жеткілікті мағұлмат беретін дін адамдарымен сұхбат құру  керек. Әсіресе, адам өз өзімен сұхбаттасып, қателіктерін танып, кемшіліктерін жоюға күш салуға, адамдармен достық қарым қатынасын күшейтуге, бірлік пен біртұтастықты арттыруға мән беруі тиіс. Алтыншыдан, Тәубе мен истиғфар жасап, өз нәпсісін есептен өткізіп, қателік жасаудан сақсынып, қайырлы істерді жасауға құмбыл болуы шарт. Жетіншіден, Алланы зікір етіп, тефеккур (терең жақсы ойлану) етіп, Алланы еске алғаннан жүрек тынышталады. Ұлы Жаратушының ұшы қиыры жоқ құдіретімен жоқтан бар болған жаратылыстың сырларын нәзік тефеккур (жақсы терең ойланып) етіп, иманымызды күшейтуіміз қажет. Сегізіншіден, жиі-жиі дұға жасауымыз керек. Өйткені, дұға адамды Ұлы Жартушыға жақындататын дәнекер десек болады. Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл түні көбінесе мына дұғаны жасаған: «Аллаһым сен кешірімдісің, кешіруді сүйесің, мені кешіре гөр». Тоғызыншыдан, Қадір түнінің күндізін де бейне кеш секілді өткізу ләзім. Осылай болған болса, мүбәрак түннің рухтарға төккен шұғыласы сіңімді болып, жүректің қақ төрінен орын алары сөзсіз. Оныншыдан, Бұл Қадір түнінің құрметіне Раббымыздан бүкіл исі бүтін мұсылмандардың күнәларының кешірілуін тілеуіміз керек. Қадір түнінің жақсылыққа мұрындық болуын, достық пен бауырмашылдықты арттырып, ислам әлемінің біртұтастығын және күллі адамзатты апаттардан сақта деп тілеуіміз шарт. Мың айдан да қайырлы Қадір түнінде тілеген тілектеріміз бен құлшылықтарымызды Алла Тағала қабыл еткей!   Жолдас қажы ҚОСПАҚҰЛЫ, Павлодар қалалық «Ақмешіт» мешітінің бас имамы

Теги других блогов: продвижение SEO Google